Бес жасар бала жансақтау бөлімінде жатыр
Алматы облысына қарасты Ұйғыр ауданындағы «Шоңжы-Ақсу-Ұзынтам» тас жолында көлік апаты орын алып, 5 адам қайтыс болды. Бұл туралы Алматы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ресми мәлімдемеге сүйенсек, оқиға бүгін сағат 10:25 шамасында «Шоңжы-Ақсу-Ұзынтам» жолының 3-ші шақырымында болған.
«Алдын ала болжам бойынша «Audi» және «Nissan» көліктері соқтығысқан. Салдарынан екі көлік те отқа оранған. Екі транспорттың да жүргізушісі мен «Nissan» көлігінің бір жолаушысы оқиға орнында мерт болды. Тағы 3 жолаушы түрлі дене жарақатымен Шонжыдағы ауруханаға жеткізілді. Ол жерде екі адам көз жұмды. Ал 5 жастағы бала жансақтау бөлімінде жатыр», - делінген ведомствоның хабарламасында.
Қазір аталған факті бойынша ҚР ҚК 345 бабы 4-ші бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.