Балаларының еркелігін көтере алмаған: Павлодарда қызы мен ұлын ұрып-соққан әке тергеуге алынды

Автор: Azattyq Rýhy

Қатігез әке алты жасар ұлының екі тісін сындырған

Фото ашық дереккөзден

Павлодарда алты жасар ұлы мен жеті жасар қызының еркелігін көтере алмаған әке туған балаларын ұрып-соғып, ұлының екі тісін сындырған. Полиция тергеуді бастады. Бұл туралы Павлодар облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Полицияға балалардың анасы шағым түсірген.  

«Қоңырауға келген полиция қызметкерлері әйелдің оқиға кезінде жұмыста болғанын анықтады. Әкесімен қалған балалар еркелеп, балконға қарай жүгіріп, әкесінің сөзін елемеген. Балаларды басу үшін ер адам оларға қол көтерген», - деп хабарлады Павлодар облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Балалардың анасы үйге келгенінде отағасы жұмысқа кетіп қалған екен. Әйел дереу медициналық көмекке жүгінген. Павлодар тұрғынына қатысты аталған факті бойынша ҚР ҚК 140-бабының 2-тармағы негізінде сотқа дейінгі тергеу басталып, сараптама тағайындалды. Тергеу кезінде әкесі отбасынан бөлек жерде.