«17 еркек 4 күн бойы зорлады»: Түркістан облысында 17 жасар қыз сұмдық жайтты басынан кешкен
«Полицейлер әу бастан істі жылы жабуға тырысты», - дейді бойжеткеннің анасы
Түркістан облысында 17 жасар қызды 17 еркек төрт күн бойы зорлаған. Енді ғана мектеп бітірген бойжеткеннің анасы осылай деп полицияға шағым түсірді, деп хабарлайды КТК арнасы.
Мамыр айының 21-і күні сыныптастарымен базарға барған 17 жастағы қыз таксимен үйіне қайтпақ болған. Бірақ жүргізуші бағытты өзгертіп, үйіне жеткізуді сұрап жылаған қызға су ішкізіпті. Сол суды ұрттаған бойжеткен есінен танып, өзен бойында жалаңаш күйі ояндым дейді.
Анасының айтуынша, Сарыағаш ауданында 11-сыныпты бітірген қызды әуелі таксист алдап әкетіп, өзен бойында зорлаған. Кейін бойжеткенді белгісіз бір үйге апарып, сол жерге таныстарын шақырған. Осылайша, 17 жасар қыз төрт күн бойы зорлық көрген.
Төрт күн бойы жоғалып кеткен қызды туыстары іздеп дабыл қаққан. Алғашында олар алып қашқан шығар деп ойлапты. Қызын полицейлер тауып әкелген соң ғана зорланғанын білдім дейді анасы. Бірден полицейлерге арыз түсіргенімен, көп ұзамай шағымын қайтарып алған. Бірнеше күннен кейін қайта шағым жазыпты. Бірақ полицейлер әу бастан істі жылы жабуға тырысты дейді анасы.
Анасының айтуынша, қызы өзін «зорлады» деп таныған 17 адамнан жалпы 8 миллион теңге ақша алыпты. Бірақ ақша үшін емес, қызымды оқуға түсіремін дегеніне сеніп қалған едім дейді. Қайта арыз түсірген ол енді қанша ақша ұсынса да, кешірім бермеймін дейді. Қазір зорлау бабымен іс қозғалып, тергеуді Сарыағаш ауданы емес, облыс департаменті жүргізіп жатыр.
«Түркістан облысы ПД тергеу басқармасымен қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Бірнеше сараптама тағайындалған. Қортындысы бойынша нақты процессуалдық шешім қабылданады», - дейді Түркістан облысы ПД баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова.