Семейде жатақхана студенттері уланып қалды

Автор: Azattyq Rýhy

Зардап шеккендер саны - 14 

Фото ашық дереккөзден

Электротехника колледжі басшылығының мәліметінше, төртінші курс студенті жатақхана бөлмесінде байқаусызда бұрышты газ баллонынан аэрозоль шашқан. Салдарынан 14 студенттің көзі қызарып, тынысы тарылған. Олар тез арада жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлердің айтуынша, зардап шеккен студенттердің жағдайы бірқалыпты. Кейбірі ауруханадан шығуға дайындалып жатыр.

"Бүгінде университеттің стационарлық госпиталінде белгісіз газдан уланған 14 бала бар. Кеше оларға шұғыл көмек көрсетілді. Алтауы бірден үйіне жіберілді. Қазір ауруханада жатқандардың жағдайы тұрақты, орташа ауыр. Паиценттер бақылауда. Түнде сегіз адам жансақтау бөлімінде жатты, бірақ таңертең беті бері қараған соң, кәдімгі палатаға ауыстырдық", – деді "СМУ" КЕАҚ университет госпиталінің кезекші педиатрі Балжан Олжаева.


Ал газ шашқан студенттің үстінен ұсақ бұзақылық фактісі бойынша іс қозғалды.

Айта кетейік, Электротехника колледжінің жатақханасында 291 адам тұрады, оның ішінде 99-ы  – электротехника колледжінің студенті, 173-і  – "Семей" медицина колледжінің студенті, 18 бала Қазтұтынуодағының агробизнес және экономика колледжінде оқыса, біреуі медицина университетінде білім алады. Оқиғадан зардап шеккендердің дені – медицина колледжінің студенттері.