Бүлдіршінді полиция мен ТЖД-нің қызметкерлері аман алып қалды
Алматы арнасының хабарлауынша, 2 мен 4 жастағы балаларын анасы үйде қалдырып, сыртынан құлыптап кеткен.
Қалалық полиция департаменті ұсынған мәліметке сүйенсек, Иманов көшесіндегі тұрғын үйдің бесінші қабатында тұрып бала анасын іздеп жылаған. Бұл туралы хабарлама полиция бөлімшесіне сағат 21:00 шамасында түскен. ПД-нің мәлімдеуінше аталған мекенжайға әкімшілік бөлімшенің учаскелік полиция инспекторлары тез арада жеткен.
"Аталған дерек расталды. Қыз терезенің жақтауынан әрі асып тұрды. Полиция капитаны Серік Кеңесов 5-қабатқа көтеріліп, есік қаққан. Ал, әріптесі Жомарт Сарсымбаев төменде тұрып жағдайды бақылауға алды. Есік қағылғанда қыз терезе жақтауынан түсті", – деп мәлімдеді ПД-нің баспасөз қызметі.
Бұл уақытта құтқарушылар шатырдан түсіп, пәтерге терезеден кірді. Балалардың анасы араға жарты сағат салып үйіне оралды. Полиция әйелге балаларды қараусыз қалдырмау керегін айтып, ескерту жасады.