Жақын күндері 3900 тонна жеткізіледі деп күтілуде
Нұр-Сұлтан халықаралық әуежайында авиациялық жанармайға қатысты тапшылықтың алдын алу шаруалары қабылданғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Нұр-Сұлтан әуежайы Индустрия және Энергетика министрлігімен бірлесе отырып, авиациялық жанармаймен қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізуде. Әуежай тұрақты жолаушылар мен жүк рейстеріне жанармай құюды үздіксіз жүзеге асырады. Мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, 9 қарашада Павлодар мұнай-химия зауыты жұмысын қайта бастағанға дейін зауыттардан авиациялық отынды жеткізу кестесі әзірленді», - деді әуежайда.
Қазіргі таңда елорда әуежайындағы авиациялық керосиннің қалдығы нарықтың басқа қатысушыларын, «Эйр Астана» авиакомпаниясын, әскери және мемлекеттік материалдық резервтерді сақтауды есепке алғанда 3100 тоннаны құрайды.
Жақын күндері тағы 3900 тонна жеткізіледі деп күтілуде.
«Бүгін 3800 тонна авиакеросин жеткізуге келісімшарт жасалып, ақшасы төленді. Сағат 16:00 шамасында Нұрсұлтан Назарбаев әуежай қойма базасында 921 тонна жанармай бар. Оған қосымша тағы да 200 тоннадан астамы әкелінді», - деп мәлімдеді әуе айлағы.
Бұған дейін Энергетика министрлігі қыркүйек айында әуежайлар мен авиакомпанияларды Павлодардың мұнай-химия зауытында жоспарланған жөндеу жұмыстары туралы ескерткенін айтқан. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мәліметінше, қазан айының соңына дейін зауыт 2 мың тонна авиажанармай өндіреді және оның қосымша көлемі Нұр-Сұлтан әуежайына бөлінеді.
Бұдан бөлек, SCAT авиакомпаниясына Шымкент мұнай өңдеу зауытынан авиакеросинді қосымша жеткізу жоспарда бар.