24 қазан күні болған жантүршігерлік жол-көлік апатынан екі адам тірідей жанып кетті
Орал – Атырау тасжолында екі «Лада» көлігі бетпе-бет соқтығысып, соның салдарынан өртеніп кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Мой ГОРОД» басылымына сілтеме жасап.
Адам өлімімен аяқталған жантүршігерлік жол-көлік оқиғасы 24 қазан күні кешке болған. Орал – Атырау тасжолында, Ақжайық ауданы Ақсуат ауылынан 10 шақырым жерде Lada Vesta және Lada Priora көліктері соқтығысқан. Қатты соққы салдарынан екі көлік те бірден өртеніп кеткен. Priora көлігінде болған екі адам қаза тауып, Vesta жүргізушісі мен жолаушысы құтқарылды. Ауыр халде олар ауруханаға жеткізілді.
Кейіннен белгілі болғандай, аса ауыр жол апатынан аман қалғандарды апат куәгері құтқарып қалған екен. 39 жастағы Нұрхат Жұбатов та Атырау бағытында Lada Vesta көлігінің арт жағында келе жатыпты. Бұл туралы оның Асхат есімді көршісі айтып берген.
«Нұрхат апаттың куәгері болып, адамдарды құтқарып қалды. Оның өзі ол ерлігін ешқашан көпшілікке жария етіп, мақтанбайтыны анық. Бірақ менің ойымша, оның әрекеті – нағыз ерлік, сондықтан жұрт ол туралы білуі тиіс», - дейді Асхат.
Расымен де, тілшілер Нұрхаттан қиыла өтініп жатып, қайғылы оқиғаның мән-жайын әрең сұрап білген.
«Мен Оралдан Атырауға қарай, жұмысыма кетіп бара жатқанмын. Ақсуат ауылының маңында арт жағымнан келе жатқан «Лада Веста» шам жағып белгі берді де, өтіп кетті. Мен көлігімді тоқтатып, әлдене болып қалды ма екен деген оймен, тексеріп шықтым. Бірақ бәрі дұрыс екен. «Веста» әп-сәтте көзден ғайып болды. Артынша Ақсуаттан өткенім сол еді, алыстан жанып жатқан көліктерді көрдім. Оқиға орнына жете салысымен, дереу көліктен түсіп, өрт сөндіргішімді алып, «Вестаның» отын сөндіре бастадым. «Приора» ол кезде жалындап жанып жатқан еді.
«Вестаның» оты сәл бәсеңдеген сәтте жүргізуші жағынан есікті аша алмаған соң, жолаушы жағынан жақындадым. Онда бір әйел отырды. Жүргізуші де, жолаушы да ауыр жарақат алып, орындық пен панельдің арасында қысылып қалыпты. Сәлден соң жолаушы жағындағы есікті ашып, жолаушы әйелді шығарып алдым да, көліктің арт жағына апарып жатқыздым.
Жүргізушінің қауіпсіздік белдігін шештім де, жолаушы шығатын есіктен шығарып алдым. Оның аяқтары сынып кетіпті, барынша зиян келтірмеуге тырыстым. Оны да көліктен алысырақ сүйреп апардым, себебі ол кезде машина қаттырақ жана бастаған еді. Содан соң қайтып оралып, артқы орындықты қарап шықтым, өйткені бала қалып қоймады ма, байқамай қалмадым ба деп қорықтым, сөйтіп артқы орындықты түгел қарап шықтым. Құдайға шүкір, ол жерде ешкім болған жоқ», - дейді Нұрхат.
Оның айтуынша, жүргізуші жанып жатқан көліктен өз бетінше біршама алысырақ кете алған, ал әйелді өзі көтеріп алып кетіпті. Содан кейін дереу дәрігерлер мен полиция шақырыпты.
«Ол уақытта өзге жүргізушілер де тоқтап, көмекке келе бастады. Өкінішке қарай, «Приорада» болғандарға көмектесу мүмкін болмады. Көлік тым қатты жанып жатты. Оның ішінен ешқандай айқайлаған немесе көмекке шақырған дауыстар естілген жоқ», - дейді Нұрхат.
«Өз өміріңізді қауіпке тігуден қорықпадыңыз ба?» деген сауалға ер адам «Сол сәтте ол туралы ойланып жатуға мұршам болған жоқ» деп жауап берді.
«Ол кезде мен өз өмірім туралы ойланып жатпадым. Адамдардың жараланып, өлім аузында жатқанын көрген соң оларға көмектесу керек екенін түсіндім», - дейді Нұрхат Жұбатов.
Айта кетейік, жол-көлік оқиғасы бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі «Екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Полиция екі көліктің де газбен жабдықталғанын айтты.