$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
25.10.2021, 23:34
Оқиғалар

Түркияда күзетшілерден таяқ жеген қазақ қызы ұшты-күйлі жоғалып кеткен

Екі жыл бұрын ақша табу үшін Түркияға кеткен Ұлбосын Малғаждарова биыл шілдеде елге қайтуы керек болған

Түркияда түнгі клуб күзетшілерінен таяқ жеген отандасымыздан ұшты-күйлі хабар жоқ, деп хабарлайды  Azattyq Rýhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Ұлбосын Малғаждарова күзетшінің бірінің саусағын тістеп алғаны үшін қамалған болатын. Бірақ үш айдан бері оның не өлі, не тірі екенін білмейміз дейді туыстары.

«Таяқ жеп тұрып, тіпті сотталып кеткені бізге қатты тиіп жатыр. Қатты зардап шеккен шығар, жағдайын да білмейміз. Бір жері сынған шығар, оны да білмейміз. Шашынан сүйреп тұрып ұрған. Видеодан талып қалған жерін көрдік. Білмеймін, адам өлтіріп қойған жоқ қой, ол жақта үш айлап ұстайтындай. Қазақстан Үкіметі ол қызды неге бері қарай шығарып бере алмайды? Тым құрыса, жазасын осы жақта – Қазақстанда өтейтіндей», - дейді Ұлбосын Малғаждарованың әпкесі Феруза Ошаева.

Екі жыл бұрын ақша табу үшін Түркияға кеткен Ұлбосын Малғаждарова биыл шілдеде елге қайтуы керек болған. Бірақ ораларынан бір апта бұрын құрбыларымен дәмханаға барып, сол жердің күзетшілерімен шекісіп қалған. Біреуі тіпті Ұлбосынның аузына қос қолын тығып жағын айырмақшы болыпты. Осы кезде 33 жастағы келіншек оның қолын тістеп алған. Осыдан кейін тепкінің астына алған жігіттер полицияға арыз түсірген.

Содан бері қамауда жатқан Ұлбосынның жақындары Түркиядағы елшіліктен көмек сұрап бірнеше мәрте хат жазыпты. Бірақ дипломаттардан мүлде жауап болмапты. Бірер күнде соты басталатын Ұлболсынның қамауда екенін кәмелетке толмаған қос қызы әлі білмейді де екен.

«Балалары сағынып жүр, күнде «анашым» деп жылағанда, біздің жүрегіміз ауырады. Ал қолымыздан келер еш қайран жоқ. Елшіліктен еш хабар жоқ. Әнеугүні «Көмек береміз, телефон шаламыз» деп еді, бір апта болды, не көмек, не басқам жоқ. Қызымыз тірі ме, білмейміз», – деді Ұлбосын Малғаждарованың анасы Әлима Ошаева.

 
Серіктес жаңалықтары