Өртті сөндіруге ТЖД-нің 7 қызметкері және 1 техника жұмылдырылған
Нұр-Сұлтан қаласында №28 жолаушылар автобусының қозғалтқышынан өрт шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қоғамдық көліктің отқа оранған сәті түсірілген бейнежазба әлеуметтік жілелерде жарияланды. Онда «Целинный» аялдамасында автобустң өртеніп жатқаны айтылады.
Оқиғаға қатысты пікір білдірген қалалық Төтенше жағдайлар департаменті өрттің бүгін сағат 18:44-те Байқоңыр ауданы Кравцов көшесі 9а мекенжайында болғанын мәлімдеді.
«Целинный» мөлтекауданы аялдамасында «Ивеко» маркалы №28 қалалық маршруттың қозғалтқышынан өрт шыққан. Жолаушылар дереу автобустан түсіріліп, өрт сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ», - делінген хабарламада.
Өртті сөндіруге ТЖД-нің 7 қызметкері және 1 техника жұмылдырылған. CTS компаниясының баспасөз қызметі оқиға орнында ТЖ қызметкері тексеру хаттамасын жасап, жүргізушіден түсініктеме алғанын хабарлады. Іс материалдары өрт-техникалық зертхананың сараптама бөліміне жіберілді.
Айта кетерлігі, аталған маршруттық көлік таңертең рейс алдындағы техникалық байқаудан өткен. Соңғы техникалық тексеру 27 мамырда жүргізілген.