ШҚО-да ұйымдасқан қылмыстық топ кәсіпкерден 30 млн теңге бопсалаған
Топ жетекшісі бұрын бірнеше рет сотталған
Шығыс Қазақстан облысының полицейлері кәсіпкерден ірі көлемде ақша бопсалаған қылмыстық топтың жолын кесті деп хабарлайды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Белгілі болғандай, 31 жастағы жергілікті тұрғын шаруа қожалығының иесінен 30 млн теңге көлемінде ақша бопсалаған. Кәсіпкер полицияға арызданғаннан кейін күдікті мен оның жақтастарын ұстау операциясы жүргізілді.
Бұрын бірнеше рет сотталған күдікті кәсіпкерден ақшаны алып жатқан сәтте қолға түскен. Тінту барысында оның заңсыз әрекеттерін растайтын заттай дәлелдемелер алынды.
«Қазіргі уақытта күдікті сот санкциясымен қамауға алынды. Оның әрекеттері 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жазаны көздейтін ҚР ҚК-нің 194-бабы 4-бөлігі (қорқытып алу) бойынша сараланады», - деді ШҚО ПД бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.