Қар жауғанын видеоға түсірген әйелге кешірім сұратқан әкімге сөгіс берілді

Автор: Azattyq Rýhy

Бүгін Құндыкөл ауылдық округінің әкіміне қатысты Әдеп жөніндегі кеңес өтті

nur.kz

 Жиында шенеунік әйелдің кешірім сұраған видеосын әлеуметтік желіде таратпағанын айтты, деп хабарлайды Nur.kz. Ол бейнежазбаны Баянауыл ауданының басшысы үшін түсіргенін мойындады. Әдеп жөніндегі кеңесте Құндыкөл ауылдық округінің әкімі ақталған жоқ. Ол ауыл тұрғынының үйіне барғанын мойындады. Осылайша, әкім әңгіме барысында әйелдің видеоны туыстарына жібергенін, кейіннен ол желіде тарап кеткенін анықтаған. Екі метрлік омбы қар болмаған соң тұрғыннан жағдайды әсірелемеуді сұраған. Артынша оның сөзін қоғам талқысы үшін емес, Баянауыл ауданының басшысына көрсету үшін камераға түсірген.

 "Ақпаратты аудан әкіміне WhatsApp топқа жібердім, болды. Әлеуметтік желіге мен жүктеген жоқпын. Кейін бұл ақпаратты аудан әкімінің өзі жібергенін анықтадым. Барлық скриншотты ұсындым",- деп түсіндірді Құндыкөл ауылдық округының әкімі Самат Ибраев.

Әдеп жөніндегі кеңесте ауылдық округ әкімін қызметтен қуу туралы ұсыныс түскен жоқ, оған сөгіс беріледі.

Айта кетейік, осыған дейін әлеуметтік желіде Павлодар облысында қар жауғанын видеоға түсірген әйелдің кешірім сұраған видеосы тарады. Көп ұзамай Баянауыл ауданының әкімі Қанат Кәрімов Егіндібұлақ ауылының тұрғынынан кешірім сұрады.