Павлодарда жол апатынан зардап шеккен мектеп оқушылары ауруханадан шықты
10-15 жас аралығындағы сегіз балаға медициналық көмек көрсетілді
Балалар екі апта бұрын мектеп автобусы мен өрт сөндіру көлігінің соқтығысуынан зардап шеккен болатын, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Еске сала кетейік, 6 қазан күні Елгин және Щедрин көшелерінің қиылысында өрт сөндіруші КамАЗ және мектеп автобусы тұрақтағы «Фольксвагенге» соғылған. Салдарынан 10-15 жас аралығындағы сегіз балаға медициналық көмек қажет болды, ал үшеуі ауруханаға жатқызылды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, үш оқушы облыстық балалар ауруханасының травматологиялық бөліміне түскен.
10 жасар бала жедел бас сүйек-ми жарақаты, мидың орташа ауырлықтағы жарақаты және бет сүйегінің сынуы бойынша ауруханаға жатқызылды. 14-15 жастағы екі оқушыға жабық бас-ми жарақаты мен бас миының шайқалуы диагнозы қойылды.
«Үш бала стационарда толық емделу курсынан өтті. Балалар қанағаттанарлық жағдайда шығарылды, олар әрі қарай амбулаториялық емделу үшін тұрғылықты жері бойынша емханаларға жіберілді», - делінген облыстық денсаулық сақтау басқармасы таратқан хабарламада.
Облыстық полиция департаменті ЖКО бойынша сотқа дейінгі тергеу әлі аяқталмағанын жеткізді. Жол апатына кім кінәлі екені әзірге белгісіз.