Көкшетауда Ресей азаматы суицид жасады

Автор: Azattyq Rýhy

Ол қонақ үйдің жоғары қабатынан секіріп кетті

Фото ашық дереккөзден

Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі осы жылдың 18 қазанында Көкшетау қалалық полиция басқармасының кезекші бөліміне жедел жәрдем көлігінде 35 жастағы ер адамның қайтыс болғаны туралы хабар түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Оқиға 18 қазан күні сағат 18:40-та облыс орталығындағы қонақ үй кешендерінің бірінде болған. Полиция қонақ үйдің нөмірін жалдаған ер адам бөлмесіне көтеріліп, терезеден секіргенін анықтады. Салдарынан ер адам жедел жәрдем көлігінде көз жұмды. Ол Ресейдің Омбы қаласының тұрғыны болып шықты», - делінген ведомство хабарламасында.

Көкшетау қалалық полиция басқармасының тергеу бөлімі қонақ үй тұрғынының өліміне байланысты Қылмыстық кодекстің 105-бабының 1-бөлігі «өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу» бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуді бастады.

Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.