Түркістан облысында бір ауылдың тұрғындары түгелдей сотқа келді
Дүниеге таласқан қариялар өздері қаматқан зейнеткерден 61 млн теңге талап етіп отыр
Түркістан облысында ауыл ақсақалдары бір бірімен соттасып жатыр. Ауданды қойып, облыстық сотқа дейін жеткен қариялар өз жерлесінен 61 млн теңге талап етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Дүниеге таласқан қариялар тіптен, ондаған жыл бірге жұмыс істеген замандастарын қаматып, Түркістан облыстық сотынының алдында бір-бірімен жаға да жыртысқан болатын. Кәсіпкердің дүниесіне қызыққан ауылдастары 69 жастағы зейнеткерден бұған дейін де 60 млн теңгеден астам ақша алған.
Сайрам ауданының тергеушілері ауыл азматтарын тексеріп-анықтамастан, шетінен жәбірленуші ретінде тіркей берген. Алайда сот арызданушылардың арасынан отызға жуық адамның бұл іске қатысы жоқ екенін анықтап, жәбірленушілер қатарынан алып тастаған. Сонда да қылмыстық қудалаудан құтылмаған Хали Сарманов жерлестерінің сұраған қомақты ақшасын тағы да беретін болды.
«Жәбірленушілер сотта жерімізді Сарманов қайтарсын деп сөйледі. Ал сот ісі жер туралы емес, ақшаға қатысы өтіп жатыр. Бұл дегеніңіз арызданушылар не үшін сотқа келгенін білмейді деген сөз. Оларға бірнеше рет сот тарапынан да ескерту айтылды. Сот кооперативтің қаржысына қатысты мәселені қарап жатыр. Менің қорғауымдағы азаматтың денсаулығы нашар, жасы үлкен болғандықтан сот оны ескереді деген үміттеміз. Әділ үкім шықпаса, Жоғары сотқа дейін барамыз. Шындығында, жәбірленушілер арызды не үшін жазғандарын өздері де анық білмейтінін үнемі көрсетіп келеді», - деді адвокат Нұржан Үсіпбеков.
Түркістан облыстық апелляциялық сотына жиналған ауыл адамдары залға сыймады. Бірі қарт кәсіпкерді босатуды талап етсе, екінші топ өздері сұраған қомақты теңгені төлемейінше, ауылдасы қамаудан шықпасын деп отыр. Бір байламға келе алмай, бұған дейін де сотта жұдырықтасқан азаматтарды полиция мен прокуратура қызметкерлері әрең ажыратып алған еді.
«Аудандық сот 26 адамды жәбірленуші қатарынан алып тастаған. Бірақ солардың арасында Ердеспек Бекенов сындылар жәбірленуші болмаса да дау шығарып келеді. 148 жәбірленуші деп танылғанымен, олардың ішінде 5-6 адам ғана сотқа қатысып жүр.
Оқи отырыңыз: Түркістанда сотқа қатысқан ақсақалдар топ болып төбелесті
Сот «61 млн теңгені жабуға мүмкіншілік бар ма?» деп сұрады.
«Әкеміздің амандығын тілеп, жаладан құтылуы үшін 61 млн теңгені де қолма-қол сотқа әкеліп, талап етушілерге береміз деп шештік. Өйткені қарсы тараптың ақша аударатын реквизиттері жоқ, есепшоттары бұғаттаулы. Келесі сот отырысына қолма-қол ақшаны акелеміз. Бұл Сармановтың кінәсін мойындауы емес, тек денсаулығының тым нашарлап кетуінен шыққан шешім. Сот осы әрекеттерді ескереді деп сенеміз», - деді сотталушының ұлы Дәурен Сатыбалдиев.
Сотта жүзден астам адам Сармановты қолдап, оның ісін әділ қарауды талап етті. 11 айдан бері қамауда отырған қария замандастарының қысымынан кейін үш рет инсульт алған. 69 жастағы Хали Сарманов былтыр 1 қазанда қамауға алынған. Содан бері екіге бөлінген Қасымбек-Датқа ауылының тұрғындары бір-бірімен жиі төбелесетін болған.
Ширек ғасырға жуық ауылшаруашылығы саласында кәсіпкерлікпен айналысқан Сармановтың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 176-бабының 4-бөлігі "б"-тармағымен және 228-бабымен (1997 жылғы редакцияда) іс қозғалып, оны 7 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шыққан.