Әйел мен баласын өлтірген қылмыскер өмір бойына бас бостандығынан айрылды

Автор: Azattyq Rýhy

СҚО облыстық соты қылмыскердің ісін қайта қарап, оған кесілген жазаны күшейтті

Фото: Baltphoto

Солтүстік Қазақстан облыстық соты анасы мен 3 жасар қызын жан түршігерлік айуандықпен өлтірген Игорь Дементьевтің ісі бойынша апелляциялық үкім шығарды. Бұған дейін сот шешімімен 21 жылға бас бостандығынан айрылған қылмыскер енді өмірінің соңына дейін темір тордың ар жағына тоғытылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облыстық қылмыстық істер жөніндегі сот коллегиясы Игорь Дементьевтің ісін қайта қарады. Биылғы жылдың қарашасында сот 39 жастағы анасы мен 3 жасар қызын өлтірген қылмыскерді 21 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Оқиға биылғы жылдың тамыз айында Мамлют қаласында тіркелген еді. Аудан орталығындағы  үйлердің  ауласындағы  қораның ішінен асқан қатыгездікпен өлтірілген екі адамның денесі табылған.

Жанжал шыққан сәтте Дементьев жәбірленушіні кесек отынмен бірнеше рет ұрған. Кикілжіңді Дүйсекинаның 3 жасар қызы көріп қалады. Артынан куәгер қалдырғысы келмеген қылмыскер екеуін де аяусыз пышақтап, денелерін отын арасына тығып тастайды. Қылмыскер мұнысымен қоймай, өлген адамдардың алтын бұйымдарымен бірге банк карточкасын да алған. Есепшоттағы қаражатты шешіп алған. Тергеу амалдары барысында Дементьевтің көз жұмған әйелмен бұрыннан таныс болғаны, екеуінің бірге тұрғаны анықталды. Игорь спирттік ішімдікке және есірткіге әуес болған. Сотта қылмыскер кінәсін толықтай мойындап, ісіне өкінетіндігін жеткізген болатын.

Солтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының үкімімен Дементьевті өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Сондай-ақ сот жапа шегушілердің әрқайсысына моральдық шығын ретінде тағайындалған соманы 2,5 млн теңгеден 5 млн-ға дейін ұлғайтты.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО