СҚО-дағы Бескөл ауылының жағымсыз иіске тұншыққан тұрғындары биотоғанды жабуды талап етті
Ауыл іргесіндегі көлге кәріз суы тазаланбастан төгіліп жатыр
Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылының тұрғындары биотоғаннан тарап жатқан жағымсыз иіске тұншығып өмір сүруге мәжбүр. 12 мыңнан астам тұрғыны бар елді мекеннен шығатын кәріз суы толығымен ауыл іргесіндегі көлге құйылады. Қазір елді мекендегі канализациялық құбырлар ауыстырылуда. Көпшілік тұрғын үйлердің барлығы орталықтандырылған жүйеге қосылғанда шаңырақтарын тастап кетуге мәжбүр боламыз ба деп алаңдайды. Себебі үйлерді арзан бағаға сатса да ешкім алмайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
КӘРІЗ СУЫ ТАЗАЛАНБАСТАН ЕЛ ІРГЕСІНДЕГІ КӨЛГЕ АҒЫП ЖАТЫР
Биотоған тұрғын үйлерден небәрі 30 метр қашықтықта орналасқан. Онда құйылатын кәріз суы тазаланбастан ел іргесіндегі көлге ағып жатыр. Айналаға тараған жағымсыз иіс қолқаны қабады. Салдарынан кей тұрғындардың денсаулығы сыр бере бастаған. Солардың бірі - 70 жастағы зейнеткер Орынтай Мырзақаева. 40 жыл ауылдық жерде мұғалім болған. Жасы ұлғайған сайын сырқаты көбейгендіктен дәрігерлерге қаралып тұру мақсатында аудан орталығына көшіп келіпті. Күкіртсутегінің иісінен демікпеге шалдыққан кейуана жамауына жыртық қостым деп налиды.
«Катлаван мен үйімнің арасы 30 метр ғана. Далаға шығып дем ала алмаймыз. Үйдің ішінде де иіс шығып тұрады. Өзім үйді сата алмаймын. Жарнама бергенмен адамдар келіп көреді де, жағымсыз иістен қашып кетеді. Облыс орталығына қоныс аударсам ба деп едім. Өйткені қазір жалғыз қалдым. Отағасы дүние салды. Балам сырқат. Көп уақыттан бері ауруханада жатыр. Өзім ауырамын. Енді үйді тастап кетсем, қайда барам? Үйді тастап кете алмаймын», - дейді Орынтай Мырзақаева.
«КӘРІЗ СУЫН ТӨГУГЕ ӘКІМДІК РҰҚСАТ ЕТТІ...»
Көлге лас суды тасыған көліктер легі күні бойы толастамайды. Орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылмаған үйлердің құдығын тазалап, нәпақасын тауып отырғандар да бар. Тіпті облыс орталығынан да көліктер келеді.
«Әкімдік бізге осы жерге төгуге рұқсат етті. Басқа амал жоқ. Петропавл жақын ғой, қалаға да апаруға болады. Тек тұтынушылардан алатын ақша көбейеді. Қазір 4-5 мың теңге болса, баға 15 мыңға дейін көтеріледі. Қазір жанар-жағармай да қымбаттап кетті», - дейді кәсіпкер Әділжан Сүндетов.
ТҰРҒЫН ҮЙ САЛУ МАҚСАТЫНДА ЖЕР БЕРУ ТӘРТІБІ САҚТАЛМАҒАН
Халық арасында «Молодежный» аталып кеткен ауданда соңғы 10 жылда жер үйлер саны көбейген. Қазір мұнда 300-ге тарта шаңырақ түтін түтетіп отыр. Бәрінің көңілі елең-алаң. Әсіресе балалардың денсаулығы үшін қорқады.
«Көлге күніне орта есеппен 100 рейс машина келеді. Барлығы жаман су төгіп кетеді. Дұрыс жол да жоқ. Қара шаңы көкке ұшып жатыр. Қысы-жазы терезе ашу мүмкін емес. Есік алдына кір жая алмаймыз. Қап-қара болып қалады. Ауылдың барлығы орталық канализацияға қосылса жағдайымыз не болмақ? Мына биотоғанды жабуды талап етеміз», - дейді Бескөл ауылының тұрғыны Сайлау Нұрғазы.
Тұрғындар баспана салғанда биотоған жайында білмепті. Көпшілік жер бөліп, құрылыс жүргізуге рұқсат берген әкімдікті айыптайды. Құйылып жатқан кәріз суының есебінен жыл сайын көл де ұлғайып келеді.
«Биотоған 60-70 жылдары пайда болған. Одан кейін жер бөлу кезінде қателіктер кеткен. Ол жылдары әкімдікте мүлде басқа адамдар жұмыс істеді. Қандай жағдайда жер не үшін берілгенін айта алмаймын. Норматив бойынша биотоғанның маңайындағы бір шақырымнан аса жерде үйлер де, ешқандай объектілер де салынбауы керек. Талап қатаң сақталуы тиіс. Биотоғанды тазалайтын жүйе салу мақсатында 2019 жылы жобалық-сметалық құжат әзірленді. Егер ол жүзеге асса, айналаға жағымсыз иіс мүлде шықпайтын еді. Бірақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жариялаған мараторийге байланысты жоба мақұлданбай, сол күйі қалды. Оған сәйкес кәріз суларын тазалау жүйесімен алдымен ірі қалалар мен облыс орталықтары қамтылады. Бескөл ауыл сатусына ие болғандықтан кезек қашан жететіні белгісіз», - дейді Қызылжар аудандық әкімдігінің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің жетекшісі Қайсар Әмірин.
ЭКОЛОГТАР БИОТОҒАНДЫ ЖАБУ МАҚСАТЫНДА СОТҚА АРЫЗДАНДЫ
Халықтаң арыз-талабы бойынша биотоғанда облыстық экология департаменті тексеріс жүргізген. Құзырлы орган оны жабу жөнінде сотқа арыз жолдады.
«Тексеріс барысында үш заңбұзушылық анықталды. Олар – экологиялық сараптаманың талаптарын орындамау, тастаған кәріз суларының нормадан асуы және де осы ластаушы құбырлардың су өлшейтін құралдары. Аты аталған фактілердің басын қосып, жинап, сотқа талап-арыз жіберілді. Яғни, биотоғанға кәзір суларын құю тоқтатылуы тиіс», - дейді облыстық экология департаментінің басшысы Азамат Бектасов.
Тұрғындар үшін жағымсыз иістен құтылудың екі жолы ғана бар. Бірі – үйлерін тастап көшу, екіншісі – тоғанның жабылуы. Екі жағдайда да не арба сынады, не өгіз өледі. Көпшіліктің бар үміті 26 қазан күні өтетін сот шешімінде болып отыр.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО