Алма теріп жүрген: Түркістан облысында 21 жастағы жігіт тоққа түсіп мерт болды
Үлкен ұлының тойын өткізуі тиіс әке ойламаған жерден екінші баласының жаназасын шығарды
Түркістан облысы Төлеби ауданы Жоғарғы Қасқасу ауылының тұрғыны – 21 жастағы жігіт алма теріп жүріп ажал құшты. Қайғылы жағдайға қаралы отбасының бау-бақшасы арқылы тартылған жоғары кернеулі электр желісі себеп дейді қара жамылған отбасы. Күні кеше құда-жекжатты жиып, той өткізгелі отырған әулет аяқ асты ұлының жаназасын шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Көз жасын тия алмай тұрған Керімжан Сегізбаев түс көргендей күйде. 21 жастағы ұлы абайсызда ажал құшты. 12 қазан күні алыс-жақынды жиып, үлкен ұлының тойын өткізуі тиіс әке ойламаған жерден екінші баласының жаназасын шығарды. Азамат болған жігіт бау-бақша үстінен жүргізілген жоғары кернеулі тоққа түсіп қалды. Бір сұмдықтың боларын сезгендей, талай рет осы мәселені көтергенбіз дейді жүрегі қан жылаған әке.
«Бәрі уәдені үйіп-төгіп берді, орындалмады. Міне, бүгін арыстай азаматымнан айрылып отырмын, өздеріңіз куәсіздер. Бұдан кейін не істеуге болатынын білмеймін. Электр желісін лажы болса құртыңыздар, құртпасаңыздар, мен аралап тастаймын», - деді марқұмның әкесі Керімжан Сегізбаев.
Марқұм Азамат Тоғызалы – қаралы отбасындағы алты баланың екіншісі. Жоғары оқу орнының соңғы курсында оқып жүрген жас келер көктемде үйленемін деп жүрген екен. Белгілі болғанындай, Азамат ауылдасымен бірге дүйсенбі күні алма термекші болған. Темір саты жоғары кернеулі желіге тиіп кеткен дейді куәгерлер. Ауыл тұрғыны Жұмағали Есмұрзаевтың ұлы сатының бір жағын ұстап келе жатқан. Ол құдай сақтап аман қалады.
«Төмен жерде орналасқан. Бұл желінің бойымен 10 мың вольт тоқ жүріп тұр. Не болса да, өртеп жібереді. Менің баламда шокта болды. Тоқ соққанда, оны да ұшырып жіберген ғой, жерге сатының түбі тиіп, менің балам аман қалған. Тоқ топыраққа тартылып кеткен. Әйтпесе бүгін екі өлік шығарып жататын едік», – дейді Жоғарғы Қасқасу ауылының тұрғыны Жұмағали Есмұрзаев.
Ауыл тұрғындары марқұмды аман алып қалу үшін жандалбасалап үш сағаттай көміп те көріпті. бірақ нәтиже болмады дейді. Шуылдасқан халық 1964 жылы орнатылған бағаналардың көбі тал-теректің ортасында қалып қойғанын айтады. Талай ағашты түбімен отап та тастаған. Жел тұрып, жауын жауса, құдды найзағай ойнағандай тоқ жарқылдап тұратынын үрейлене жеткізді.
Тұрғындардың айтуынша, жоғары кернеулі тоқ тартылған бағаналар осыдан үш жыл бұрын ауыстырылған екен. Бірақ бәрі бірдей емес. Арасында ағаш бөренелер қалып қойған. Осыдан кемі елу жыл бұрын қойылған бұл бағаналар күйреп кетіпті. Ұстасаң, қолмен үгітіледі.
Кейбір аулаларда өрт те болған. Өрт сөндірушілерді шақырса, су шашып өшіре салыңыз деп қысқа қайыратын көрінеді. Бағаналардың кейбірі таулы ауданның желіне шыдас бермей, қисайып тұр деп халық үрейленеді.
«Мына бағанның қисайып тұрғанының өзіне он жыл болды. Үйім мен екі ортасы он-ақ метр. Алты балам бар. Күнде қорқып, дірілдеп отырамын. Азанда балаларым далаға шықпай тұрып, алдымен бағандағы сымдарды қараймын, үзіліп қалғаны жоқ па деп тексеремін», – дейді ауыл тұрғыны Икрам Жанбаев.
Небәрі жүз түтіні бар ауыл тұрғындары жоғары кернеулі желілерді көше бойымен жүргізуді талап етіп отыр. Қауіптің барын ауылдық округтің әкім орынбасары да жоққа шығармайды. Бірақ тұрғындардың өзінен де кінә бар дейді.
«Бұл бағандар тұрғындардың дейін салынған. Ал қоралар кейін салынған. Үйлер де кейін салынған. Шарбақтарын қоршап алған. Сөйтіп легализациямен алып документтерін туралап алған. Барлығы болмаса да, біраз жұрттың өзі кінәлі», – деді Төлеби ауданы Қасқасу ауылдық округі әкімінің орынбасары Мейіржан Дүйсебаев.
Десе де, келер жылы қора-жайларға кіріп тұрған бағаналардың бәрін сыртқа шығару жоспарда бар екенін айтты. Бұл мәселені жарыққа жауаптылармен де келісіп жатқанын жеткізді.