Көлік сатып алуға келген адамды пышақтап, 10 млн теңгесін тартып алған күдікті ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол 22 жастағы Есік қаласының тұрғыны болып шықты

Алматы облысында өзінен көлік сатып алуға келген клиентті пышақтап, 10 млн теңгесін алып кеткен күдікті қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

«Еңбекшіқазақ ауданы Полиция басқармасының кезекші бөліміне аудандық ауруханаға арқасына пышақ сұғылған 33 жастағы Алматы қаласының тұрғыны жеткізілгені туралы хабар түсті. Ауруханаға дереу жеткен жедел-тергеу тобы істі растап, тиісті шараларды бастап кетті. Сатушымен кездесу барысында күдікті суық қару қолданып, зардап шегушіден 10 млн теңге көлемінде ақшасын тартып алғаны белгілі болды», - деді Еңбекшіқазақ ауданы Полиция басқармасының бастығы Жақсылық Алтынбаев.

Зардап шеккен адам Tayota Camry 70 автокөлігін сатып алмақ болған. Ал кездесу мен есеп айырысу орны Есік қаласында өткен.

«Жедел қызметкерлер қысқа уақытта ер адамды анықтап, ұстады. Оны зардап шеккен адам да, куәгер де таныды. Күдікті 22 жастағы Есік қаласының тұрғыны болып шықты. Қазір оған қатысты ҚР ҚК-нің 192-бабы 4-бөлігінің 1-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті жасаған қылмысын мойындады. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалған», - деп қосты Жақсылық Алтынбаев.