Павлодар облысында науқас әйелді тұншықтырып, бар жиғанын ұрлап кеткен ер адам сотталды

Автор: Azattyq Rýhy

Ұрлықшы аталған қылмысы үшін 8 жылға бас бостандығынан айырылды

Полиция 39 жастағы қаскүнемді қысқа мерзімде анықтап, ұстады, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 2021 жылдың 23 сәуірінде Екібастұз тұрғыны Б.Момышұлы көшесіндегі көп қабатты үйде таныс әйелдің қасында қонақта болып, онымен бірге спирттік ішімдіктер ішкен. 

«Әңгіме барысында оның 76 жастағы көршісінің жинаған ақшасы бар екенін білген.  Бірақ бәрінен бұрын оны үй иесінің алдыңғы есікті кілтпен жаппайтыны қызықтырған. Өйткені, ауыр сырқаттың салдарынан көршісі жүре алмайды және үнемі төсекте жатады. Күн сайын медицина қызметкерлері келетіндіктен, үнемі есік ашық қалады», - деп хабарлады баспасөз қызметінде.

Ер адам танысымен сөйлескеннен кейін жасырын жоспар құрады. Осылайша ол бірнеше сағаттан кейін мас күйінде  көршісінің пәтеріне бет алған. Алдын ала дайындалған шляпаны, медициналық маска мен қолғапты киіп, қонақ бөлмесіндегі диванда жатқан әйелге шабуыл жасап, бетін көрпемен жауып, дауысы қарлығып қалғанға дейін бірнеше минут бойы тұншықтырған.

Бұдан әрі пышақпен қорқытып, ақша талап еткен. Қорыққан әйел жастықтың астынан 110 000 теңге жинаған ақшасы болған сөмкесін алып шықққан. Бірақ қаскүнемге бұл жеткіліксіз болған соң құны 4 000 теңге «LG» ұялы телефонын және пәтер мен гараждан үш кілттен тұратын байламды алып, қашып кеткен.

Тергеуші Данияр Дәуітбеков бұл істі зерттеп, күдіктінің кінәсін көрсететін дәлелдер жиналды.

Ер адам Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 192-бабының 3-бөлігіне сәйкес, аталған қылмысы үшін Екібастұз сотымен 8 жылға бас бостандығынан айырылды.