СҚО-да жедел жәрдем көлігі тракторға соғылып, дәрігер жігіт қаза тапты
Қайғылы оқиға 11 қазанда Есіл ауданында болды
СҚО-да дәрігер өлімімен аяқталған жол-көлік апаты болды, деп хабарлайды Polisia.kz.
СҚО Есіл ауданында 11 қазанда сағат 16:00 шамасында адам өлімімен жол-көлік оқиғасы болды.
«Жезқазған – Петропавл» республикалық маңызы бар автожолдың 866 шақырымында жедел жәрдем каретасы МТЗ-80 тракторына соғылған. Көлікте жүргізушіден бөлек, жалпы практика дәрігері, мейірбике және Ғ.Мүсірепов атындағы ауданнан Петропавлға алып бара жатқан науқас болған.
«Жол-көлік апаты салдарынан 28 жастағы дәрігер оқиға орнында қайтыс болған. Мейірбике аудандық орталық ауруханаға, пациент Кардиологиялық орталыққа емделуге жатқызылды. Медициналық куәландырудың қорытындысына сәйкес екі жүргізуші де сау», - делінген ПД хабарламасында.
Аталған факт ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Тергеу аясында орын алған оқиғаның барлық мән-жайы анықталатын болады.