Қарағандыда биіктіктен секірген әйелдің өліміне арқанның бекітілмеуі себеп болуы мүмкін
Келіншек күйеуі мен достарының көз алдында 9-шы қабаттан жерге құлап, көз жұмған
Қарағандыда биік ғимараттың үстінен секірген Евгения Леонтьеваның өліміне аттракцион арқанының бекітілмеуі себеп болуы мүмкін. Әйелдің жақын құрбысы осылай дейді. Оның айтуынша, Евгенияны биіктен сырғытып түсіретін екінші арқан байланбай қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға дәл осы «Созвездие» қонақүйінің алдында болған. 33 жастағы әйел оның төбесінен 30 метр биіктіктен арқанмен секірген кезде жерге құлап, қайтыс болды. Арқан үзіліп кетті ме? Әлде ол дұрыс бекітілмеді ме? Ол жағы белгісіз. Өйткені Роуп-джампинг деп аталатын спорттың бұл түрін ұйымдастырушылар әзірге қандай бір ақпарат айтудан бас тартып отыр.
Әйелдің басында каска жоқ. Ол жолдасы мен достарының көз алдында 9 қабаттан жерге құлап түскен, бірнеше метрге сүйретіліп барып, бетонға соғылған. Бас миы ауыр жарақаттанғандықтан дәрігерлер бірнеше ота жасаса да, Евгенияны аман алып қала алмады. Оның артында, үш бала қалды. Марқұмның құрбысының айтуынша, Евгения биіктен секіргенді, ауада қалықтап ұшуды ұнататын. Бұл оның үшінші секіруі еді дейді. Аттракцион сертификатын достары туған күніне сыйлық ретінде беріпті. Алайда, оның соңы қайғылы аяқталады деп ешкім ойламаған. «Биіктен төменге қарай сырғытып түсіретін екінші арқан байланбай қалды» дейді құрбысы.
«Евгения ең мейірімді, ең көңілді, ақкөңіл жан болатын. Бұл оның үшінші секіруі. Ұйымдастырушылар жүйке, жүрек аурулары мен психотерапевте есепте тұрамыз ба, жоқ па, соны сұрады. Бұл жолы алдымен мен секірдім. Ол секірген кезде бірінші арқан байланды, ал түскенде тартатын екінші арқан бекітілмей қалды. Бұл бейнежазбада да анық көрінеді», - дейді марқұмның құрбысы Светлана Морозова.
Роуп-джампинг деп аталатын спорт түрін ұйымдастырған Flykrg компаниясы әлеуметтік желілерде өте танымал. 12 жыл бойы Алматы, Қарағанды тұрғындарын 30,50, тіпті 100, 245 метр биіктіктен секіртіп жүр. 100 пайыз қауіпсіздікке кепілдік береді. Бірақ рұқсатты нақты қай ұйымнан алатыны белгісіз. Қарағанды қалалық әкімдігінің мәліметінше, экстремалдарға рұқсат берілмегенін хабарлады.
«Қазақстан Республикасының ұлттық стандартына сәйкес иілгіш элементтері бар мына аттракциондарды (катапульттар, иілгіш арқанмен биіктіктен секіру және т.б.) белгіленген тәртіппен пайдалануға рұқсат алғанға дейін жергілікті атқарушы органдарда есепке қойылмайды. Қарағанды қаласының әкімдігі секіруге рұқсат бермеген», - деді Қарағанды қаласының әкімдігі.
Қазір істің мән-жайын полиция анықтап жатыр. «Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Ұйымдастырушылар 8 жылға сотталуы мүмкін.
«Қозғалған қылмыстық істің негізінде полиция қызметкерлері аталған аттракционды ұйымдастырушылардың лизензиясы бар болғанын немесе болмағанын, сондай- ақ қауіпсіздік ережелерін сақтау сақтамау мәселелерін қарастыратын болады», - деді Қарағанды облыстық ПД ресми өкілі Бақытжан Құдияров.
Биіктен секіруді ұйымдастырғандардың бұл жолы кімнен рұқсат алғаны алдағы уақытта анықталатын болады. Ғимараттың төбесін олар жалға алған. «Созвездие» қонақүйінің есігі қазір тарс жабық, телефонмен байланысу да мүмкін емес. Ал экстремалдардың «осы айдың 30- ы күні Алматыда 180 метрден секіруге шақырамыз» деген жарнамасы ғаламторда әлі жүр.