Нұр-Сұлтанда ауа райының нашарлауына байланысты бір тәулікте 70-ке жуық жол апаты болды
Қауіпсіздікті жүргізушілер ғана емес, жаяу жүргіншілер де сақтауы қажет

Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті ауа райының нашарлауына байланысты елорда тұрғындары мен қонақтарына қауіпсіздік шараларын сақтау керек екенін ескертті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Құрметті елорда тұрғындары мен қонақтары! Осы жылдың 11 қазанында ауа райының нашарлауы, қар аралас жаңбыр мен көктайғақ күтілуде, бұл көліктің тежеу жолының ұлғаюына әкеп соғады», - делінген полиция департаменті таратқан хабарламада.
Полиция көлік жүргізушілеріне қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлауды, өте мұқият болуды және жылдамдық режимін, қауіпсіз қашықтықты сақтауды ерекше ескертті.
«Елордада бір тәулік ішінде 68 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, зардап шеккен бір адам ауруханаға жатқызылды. Қауіпсіздікті жүргізушілер ғана емес, жаяу жүргіншілер де сақтауы қажет», - деп толықтырды ведомство.
Бұған дейін ел астанасында көктайғақ және тұман болады деп хабарланған болатын.