Полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр
Павлодар қаласында болған жол көлік оқиғасы салдарынан кәмелетке толмаған 4 бала жарақат алды деп хабарлайды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Оқиға 6 қазанда сағат 14:15 шамасында Елгин – Щедрин көшелерінің қиылысында болған. КамАЗ маркалы өрт сөндіру көлігі оқушылар тасымалдап келе жатқан автобуспен соқтығысып, автобус инерциямен жол шетінде тұрған жеңіл көлікке соғылған.
«Жол көлік оқиғасы салдарынан кәмелетке толмаған 4 бала медициналық көмекке жүгінді», - деп мәлімдеді полицейлер.
Қазіргі таңда оқиғаның себеп-салдарын анықтау үшін тиісті сараптама тағайындалды.