$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.09.2021, 22:14
Оқиғалар

Аяжан Еділованың өліміне қатысты тергеу ісі аяқталды

Іс сотқа қазан айында жолданады

Аяжан Еділованың өліміне қатысты тергеу ісі аяқталды
Фото: ашық дереккөзден

Алматада зорланып, қатыгездікпен өлтірілген Аяжан Еділованың ісіне қатысты тергеу аяқталды. Бұл туралы зардап шегуші тараптың адвокаты Қадыржан Ғалымжанұлы мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Sputnik Қазақстан порталына сілтеме жасап.

Авдокаттың айтуынша, қазір іс материалдарымен танысу кезеңі жүріп жатыр. Іс сотқа қазан айында жолданады. 

Күдіктіге Қылмыстық кодекстің «Зорлау» туралы 120 бабы және «Өзге қылмысты жасыру мақсатында адам өлтіру» туралы 99-бабы бойынша айып тағылып отыр. Істі Алматы қаласының мамандандырылған соты тергеді. 

2001 жылы туған Аяжан Еділова 19 наурызда сағат 20:43-те жұмыстан шығып, сол күйі оралмаған. Оның жоғалғаны туралы хабар 20 наурызда тарады.

Қыздың денесі бөлшектеліп, қоқысқа лақтырылғаны белгілі болды. 

Аяжан Еділова қандай еді

Әпкесінің сөзінше, Аяжан бір көрген адаммен тез араласып, бір сағатта туысқан секілді сөйлесіп кететін болған. Сондай-ақ оның өте сенгіш және адам жатырқамайтын мінезі болғанын айтты.

Туыстарының сөзінше, Аяжан Еділова Алматыға қайтыс боларынан екі ай бұрын келген. Оған дейін карантин кезінде Талдықорған қаласында туыстарының жанында болған. Алматыдағы сән салоны мен тігін цехына жұмысқа орналасқанына да бір айдай болған.

«Осы жолы Алматыға жібермей қойдым. Коронавирустың күйіп тұрған кезі еді. Біреуге жақын отырып тырнақ жасайсың, «Сен маған аман-есен керексің» деп айттым. Ортаға апасын салып, әкесін салып жүріп, бой бермей, кетіп қалды. Әйтпесе үйде байлап ұстап отырғанмын. Үйде отырып күйзеліске түсті. Жұмыс істеп, жүріп үйреніп қалған қыз ғой. Бір күні жұмыстан келсем, жылап-жылап көзі ісіп кетіпті. «Менің өлгім келмейді, өмір сүргім келеді» деп айтты», – дейді әпкесі Аяжанның коронавирус жұқтырып алудан қорыққанын айтып.

Содан қалада жұмыс істеп жүрген Аяжан ең соңғы рет жақындарымен телефон арқылы сөйлескен кезде Наурыз мерекесіне үйіне баратынын айтқан.

«Ең соңғы рет анасына видео арқылы хабарласып, Наурыз мерекесіне келетінін айтты. Жұмыстарын айтып, соларды бітірген соң 4 күн демалысқа келемін деді. «Сағынып кеттім» деп қоштасқандай еркелегені есімде. Анасы жолға қарап, әлі күтетін сияқты. «Келемін» деп айтқаннан кейін олар күтіп жүрді. Мұндай хабар келеді деп күткен жоқ. Шешесі әлі күтіп жүр. Аяжан оқуда жүрген сияқты сезімдеміз», - дейді Нұргүл Әбеутәліпова.

Айтуынша, Аяжанның анасы біраз уақытқа дейін істің мән-жайын білмеген. Тек қайтыс болғанын естіген.

«Ата-анасының жағдайы өте ауыр, олар күйзелістен әлі шыға алған жоқ. Стресте жүр. Күліп отырып жылай салуы мүмкін, жылап отырып күле салуы мүмкін», - дейді әпкесі.

Серіктес жаңалықтары