Алматыдағы Президент саябағы маңынан өрт шықты
Қазірше тілсіз жаудың неден шыққаны беймәлім
Алматы қаласындағы Түңғыш Президент саябағына жақын маңда өрт шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қалалық ТЖД мәліметінше, Бостандық ауданының әл-Фараби-Науаи көшелерінің қиылысындағы Үлкен Алматы өзені бойындағы қараусыз қалған кафе өртенген. Қазірше тілсіз жаудың неден шыққаны беймәлім.
«Кешкі сағат 19:44 шамасында құтқару қызметінің пультіне Үлкен Алматы өзенінің бойындағы қараусыз қалған кафеде өрт шыққаны туралы хабар кеп түсті. Қазір оқиға орнында қалалық ТЖД күштері өртке қарсы толықтай жұмылдырылды», - деп мәлімдеді қалалық ТЖД баспасөз қызметі.
Ведомствоның мәліметінше, өрт 20 минут ішінде оқшауланып, сағат 20: 22-де өшірілді. Зардап шеккендер жоқ.
Өртті сөндіруге 50 -ден астам жеке құрам мен 13 техника жұмылдырылған.
Өрттің тез таралуына ағаш конструкциялардың көп болуы себеп болған.