КСРО төлқұжаты бойынша өмір сүріп келген 150-ден астам шығысқазақстандық анықталды
Көші-қон қызметінің қызметкерлері Украинадан қажетті құжаттарды сұратуға жәрдем көрсеткен
КСРО төлқұжаты бойынша өмір сүріп келген 150-ден астам шығысқазақстандық анықталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Көші-қон қызметінің қызметкерлері «Учаске» жедел алдын алу іс-шарасы кезінде жеке басын куәландыратын құжаттарсыз тұратын, сондай-ақ 1974 жылғы үлгідегі КСРО паспорттарын уақтылы алмастырмаған адамдарды анықтау бойынша жұмыс жүргізуде.
Бұл адамдар жеке басын куәландыратын құжаттардың болмауына байланысты денсаулық сақтау, білім беру қызметтерін алуда, қажетті жәрдемақылар мен зейнетақыларды ресімдеуде шектеулі және ресми жұмысқа орналасуға мүмкіндіктері жоқ.
Жыл басынан бері 1974 жылғы үлгідегі КСРО паспорттарымен 150-ден астам адам Қазақстан Республикасының азаматтары болып танылды.
«Осылайша, Алтай ауданының полиция бөліміне 49 жастағы азамат жүгініп, ол 1988 жылы Украинада берілген 1974 жылғы үлгідегі КСРО паспортымен құжатталғанын айтқан. Ер адам Қазақстанға 90-шы жылдары келіп, Өскемен қаласында әскери қызметін өтеген, Жаңа Бұқтырма кентінде жұмыс істеп, өмір сүрген. 25 жылдан астам уақыт бойы құжаттарды жолдаса да Украинадан жауап келмеген», - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.
Көші-қон қызметінің қызметкерлері Қазақстан Республикасының консулдығы арқылы Украинадан қажетті құжаттарды сұратуға жәрдем көрсеткен. 17 қыркүйекте азамат Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі рәсімделді.
Өз кезегінде азамат қызметкерлерге жеке куәлікті рәсімдеу үшін қажетті құжаттарды жинауға көмектескені үшін алғыс айтты. Енді ол барлық мемлекеттік қызметтерді басқа қазақстандықтармен бірдей пайдалана алады.
Осыған байланысты қандай да бір себептермен жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ азаматтарға Қазақстан Республикасы азаматының немесе азаматтығы жоқ адамның жеке куәлігін ресімдеу үшін тұрғылықты жері бойынша көші-қон қызметіне жүгінуге кеңес береміз.