Павлодарда кәріз люктерін ұрлап жүрген ер адам қолға түсті

Автор: Azattyq Rýhy

Полицейлер қабылдау пункттерінің иелерін әдейі ұрланған мүлікті сатып алғаны үшін жауапқа тартылатынын ескертеді

Фото: ашық дереккөзден

Кәріз люктерін ұрлаған павлодарлық ер адам қолға түсті, деп хабарлайды Polisia.kz.

Жылыту маусымы қарсаңында, 27 қыркүйек күні Павлодар полициясына ЖШС-нің біріне тиесілі екі дана люктің ұрланғаны туралы қоңырау түсті.

«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері 25 жастағы павлодарлық тұрғынды анықтап, ұстады. Ұсталушы түсіндіргендей, кешке Геринг-Хабаровская көшесімен жүріп келе жатып, ол кәріз люктерін көрген. Ол өзіне ақшалай пайда көру мақсатында металды қабылдау пунктіне тапсыру үшін қақпақтарды ұрлап кеткен. Алайда тапсырып үлгерместен қолға түсті», - делінген Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Қазіргі уақытта аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 187-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Полицейлер ашық құдықтар үлкен қауіп екенін ескертеді. Онда ересектер мен балалар құлап кетуі мүмкін.  

Сондай-ақ, қабылдау пункттерінің иелері әдейі ұрланған мүлікті сатып алғаны үшін жауапкершілікке тартылатынын еске салады.