Қазір ойын алаңындағы оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатыр
Шымкентте көпқабатты үйдің ауласынан 28 жастағы бойжеткеннің денесі табылғаны туралы әлеуметтік желіде ақпарат тарады. Сырғанаққа асылып тұрған мәйітті көргендер дереу полицияға хабарлаған. Тәртіп сақшылар мұны растады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Бірақ полицейлердің айтуынша, қайғылы жағдай 18 қыркүйекте болған. Қазір ойын алаңында көз жұмған әйелге қатысты тергеу жүріп жатыр.
«Аталған жайт Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК 105-бабының 1-бөлігімен тіркелді. Іс бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қазіргі таңда тергеу жұмыстары жүргізілуде», - деді Шымкент қалалық ПД Ішкі және сыртқы коммуникациялар басқармасының бастығы Мөлдір Бекеева.
Балалардың ойын алаңында болған бұл жайттан тұрғындар бейхабар көрінеді. «Мұны әлеуметтік желіден көріп, өзіміз де жағамызды ұстап отырмыз» дейді олар. Айтуларынша, қайтыс болған әйел бұл жердің тұрғыны емес.
«Ондай болса есітер едім. Көршілер айтатын еді ғой. Басқа жақтан келген қыз шығар, бәлкім. Бұрын, 5-6 жыл бұрын бұл жерде бір жағдай болған. Гараждың қасында бір қызды өлтіріп, өртеп кеткен. Жалпы, бұл жерде қылмыс көбейіп бара жаты. Наркомандар көбейіп кеткен», - дейді, Шымкент қаласының тұрғыны Бақытжан Орманов.
«Біздің ауламыз оқшауланған, көзден тасалау. Сол себепті ме екен, көбіне бөтен адамдар көп жиналып алады», - дейді тағы бір тұрғын Андрей Горляков.