Цифрлық даму министрлігінің өкілі жемқорлық қылмысы үшін сотталды

Автор: Azattyq Rýhy

И. Қошалиевті  мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырып, 1 млн 262 мың 500 теңге көлемінде айыппұл салынды

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Өңіраралық байланыс инспекциясы басшысының міндетін атқарушы сыбайлас жемқорлық үшін сотталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Атырау облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі «ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Телекоммуникациялар комитетінің Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау облыстары бойынша өңіраралық байланыс инспекциясы» РММ басшысының м.а. И. Қошалиевке қатысты кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу күдігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.

«Ол мемлекеттік функцияларды орындауға өкілетті тұлға бола отырып, белгіленген тыйымға қарамастан, байланыс саласында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жұбайына тіркелген «Ғасыр Қазсвязь» ЖШС-ін басқаруға және осы ЖШС-не артықшылықтар мен қамқорлық көрсете отырып, байланыс саласында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырған» , - делінген агенттік хабарламасында.

Ағымдағы жылғы 26 желтоқсанда Атырау қалалық № 2 сотымен И. Қошалиев заңсыз кәсіпкерлік қызметке қатысқаны үшін кінәлі деп танылып, оны мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырып, 1 млн 262 мың 500 теңге көлемінде айыппұл салынды.