ШұғылКоронавирусты жұқтыру қарқынында өсім байқалды

Алматыда 30 жастағы жігіт жатақханаға кіргізбеген кейуананы тепкілеп тастады

Оның үстінен қозғалған әкімшілік іс қылмыстық іске ауысты

Алматыдағы жатақханалардың бірінде вахташы болып жұмыс істейтін Күләш Омарованы жатақханаға кіре алмағаны үшін ашуланған жігіт тепкілеп тастаған. Бұл туралы Дамир Аспан есімді желі қолданушысы Facebook парақшасында жазды.

«Ол о баста мені бетімнен ұрды, соққының салдарынан бетім күп болып ісіп кетті. Содан соң шашымнан тартып, жерге жығып, жұдырықтап ұрып, одан қалса тепкі астына алды. Не болып жатқанын түсінбедім. Жанымыздан өтіп бара жатқан адамдар болмағанда жағдайым не болатыны белгісіз еді», - дейді жәбірленуші.

Оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Кадрда ер адамның бүкіл әрекеті көрініп тұр. Жәбірленушінің ұлы оқиға орнына келген полиция қызметкерлерінің жедел жәрдем шақырудың орнына, анасын учаскеге алып кеткеніне ашулы. Одан бөлек, бастапқыда тек әкімшілік іс қозғалған. Іске журналистер араласқаннан кейін ғана қылмыстық іс қозғалыпты.

Бүгінгі таңда полиция 30 жасар күдіктінің жеке тұлғасын анықтаған. Енді сараптама нәтижесін күтіп отыр.

«Аталған жайтты Алмалы ауданы полиция басқармасы тергеп жатыр. Сотқа дейінгі реестрде ҚК 107 –бабымен тіркелді. Алған жарақаттың зардабын нақтылауға сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Оның қорытындысымен тиісті шешім қабылданады», – Алматы қаласы ПД ресми өкілі Евгений Лысенко.

62 жастағы вахташы ми жарақатын алған, қолы мен мұрны сынған, денесінің бәрі көгерген. Жәбірленушінің денсаулығы жұмыс істеуге жарамайды. Ол өзін соққыға жыққан қаскөйді қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрап отыр.