ШұғылКоронавирусты жұқтыру қарқынында өсім байқалды

Маңғыстау облысында жол апатынан 5 адам қаза тапты

Бұдан бөлек кәмелетке толмаған 4 бала ауыр жарақат алған

Маңғыстау облысында жол апатынан 5 адам қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қайғылы оқиға жергілікті уақытпен түнгі 2 шамасында Қарақия ауданын Ақтаумен қосатын трассада тіркелді. 27 жастағы қыз тізгіндеген Lexus маркалы жүрдек көлік жүйткіп келе жатып кенеттен аударылады. Автокөлік жүргізушісі, салонда болған 2 келіншек пен 2 ер адамды құтқару мүмкін болмады.

Ресми мәліметке сәйкес, әйелдердің бірі жүкті болған. Куәгерлер 2, 9 және 10 жастағы балаларды Жетібай аудандық ауруханасына жеткізеді. Екеуінің жағдайы ауыр. 8 жасар тағы бір жеткіншек бірден өңірлік балалар ауруханасына жатқызылып, тыныс алу аппаратына қосылды.

«Қарақия ауданы полиция бөліміне бүгін түнде Ақтау-Жаңаөзен трассасының 52 шақырымында жол апаты болғаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнында көлік иесі мен 4 жолаушы қаза тапты. Тергеу амалдары жүріп жатыр», - деді ПД ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әйгерім Ибадуллаева.