Қанат Тезекбаев 2 айға уақытша оқшаулау изолияторына қамалды
Алматыдағы №4 қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері қамауға алынды. Бұл туралы қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлады.
Қанат Тезекбаев қалалық мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының қаулысымен 2 айға уақытша оқшаулау изолияторына қамалған. Күдіктіге ҚР ҚК 317 бабы 3 бөлімі, яғни медицина немесе фармацевтика жұмыскерiнiң кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы деген айып тағылған. Оның қылмысы дәлелденсе, үш жыл мерзімге дейін белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айырылады. Сондай-ақ, бес жылға дейiн бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Қанат Тезекбаев Алматыдағы ең ірі клиникалық аурухананы басқаруға бір жарым жыл бұрын тағайындалған болатын.
Айта кетейік, 2 қыркүйекте осы аурухананың анестезиолог дәрігері Асқар Тұңғышбаев та сот шешімімен қамауға алынған болатын. Медициналық мекеменің жансақтау бөлімінде жұмыс істейтін дәрігерге де өзіне жүктелген кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамады деген айып тағылды. Тергеу органдары ақ халаттыларға нақты қандай іс бойынша айыптар тағылып отырғанын айтқан жоқ.
Клиникалық аурухана Алматыдағы Түрксіб ауданында 1944 жылы салынған. Ол 1912 жылы қайтадан жаңғыртылып, аумағы 42 мың шаршы метрге дейін үлкейген. Шұғыл медициналық көмекке зәру науқастарға травмотология, күйік, өзге де ауру түрлері бойынша алғашқы медициналық көмек көрсететін бірегей медициналық мекеме.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы