СҚО әкімдігі қаржы басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары 300 млн теңгеге мейрамхана сатып алған
Экс-шенеунік Петропавл қаласында бизнес жүргізу үшін 286,5 млн. теңгеге әкімшілік үй-жай мен іргелес жер учаскелері бар қоғамдық тамақтану ғимаратын сатып алған.
Солтүстік Қазақстан облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі "СҚО әкімдігінің қаржы басқармасы" КММ басшысының бұрынғы орынбасары қылмыстық жолмен тапқан ақшаны заңдастырды деген күдік бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады.
Сондай-ақ, бұған дейін хабарланғандай, аталған лауазымды тұлғаның бюджет қаражатының 500 млн. теңгеден астам сомасын қылмыстық топпен бірлесіп жымқырды деген күдік бойынша тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық іс шеңберінде күдіктіге қатысты алдын ала сот "күзетпен ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
Еске салсақ, 21 маусымда СҚО әкімдігі қаржы басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары 83 млн теңге жымқырды деп айыпталған. Ал 24 маусымда СҚО Қаржы басқармасының басшысы Ескен Акимжанов орынбасарының үстінен қозғалған қылмыстық іс үшін отставкаға кетті.