Сот айыпталушыны он жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылдады
Екі қызды өлімші етіп сабап тастаған Қарағанды тұрғыны 35 жылдан соң ғана жазасын алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, екі қызды өлтіру оқиғасы 1984 жылдың шілде айында болған.
Бұған дейін екі қызды өлтірген адам табылмаған, себебі үшінші адамның саусақ іздері ортақ базада болмаған. Қылмыскерді табуға дактилоскопиялық сараптама да көмектесе алмаған. Осылайша қылмыстық іс архивке жіберіліп, тергеу уақыты тоқтатылған.
Дегенмен, 2017 жылдың наурыз айында ІІМ базасы арқылы өлтірілген қыздардың пәтерінде табылған саусақ іздерінің 1961 жылы туған Хруция деген адамға тиесілі екені белгілі болды.
Ер адам өз қылмысын мойындап, 23 жасында екі қызбен ішімдік ішіп отырып жанжалдасып қалғанын, сондықтан екеуін өлімші етіп сабап, қашып кеткенін айтты.
«Сот айыпталушыны 35 жыл бұрын жасаған қылмысына кінәлі деп танып, он жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылдады», - деді полиция департаментінің баспасөз қызметінің өкілдері.