Алматы облысында жұмбақ жағдайда көз жұмған малшы бассыз жерленген
Қара жамылған отбасы мәйітті жер қойнына тапсырғанымен, жаназасын шығара алмаған
Алматы облысында мәйітті бассыз жерлеген. Жұмбақ жағдайда көз жұмған малшының жақындары осылай дейді. Олар тергеушілердің әрекетін түсіне алар емес. Айтуларынша, денесі иен даладан табылған Әлихан Ниязовқа қастандық жасалған болуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Туыстары сот-медициналық сараптамаға алынған мәйіт бассыз қайтарылды дейді.
Айдың-күннің аманында ағасынан айырылып қалған Нұрлан Ниязов тәртіп сақшыларының әрекетіне наразы. Айтуынша, 45 жастағы ағасы Балқаш ауданында жалданып сиыр баққан. Бірақ 23 тамыздан бері оны көрген-білгендер болмапты. Полиция іздеуге асықпаған соң, өзі кіріскенін айтты. Араға екі апта салып айдаладан денесін тапқан.
«Іздеуге өзім кірістім. Жолдың шетіне тоқтадық, менің жүрегім ауыра бастады. Алыстау тұста қалың жыңғыл мен сексеуіл өсіп тұрған», - дейді марқұмның бауыры Нұрлан Ниязов.
Нұрлан тергеу кезінде марқұмның басына оқ тигені анықталғанын жеткізді. Мәйіт күнге біраз қақталып қалған. Мамандар денесінде басқа жарақат жоқ екенін айтыпты. Күдікті азамат қазір қолға түскен. Бірақ Нұрлан оқты басқа біреулер атуы мүмкін дейді.
«Жалпы, Дениз атпаған, басқа біреу атқан деген күмәнім бар. Полициялардың сөзіне қанағаттанбағандықтан, соларға күдігім туды, солардың қатысы бар сияқты. Тергеу құпиясына сілтей береді», - дейді Нұрлан Ниязов.
Қара жамылған отбасы мәйітті жер қойнына тапсырғанымен, жаназасын шығара алмаған. Себебі сот-медициналық сараптама марқұмның басын алып қалыпты. Тек денесін ғана жақындарына берген.
«Ағамның басының қазір қайда екенін білмеймін. Криминалдық сараптама жасалады деді. Басына оқ атылғаны белгілі болып тұр ғой. Сол жерден тексере алмайсыздар ма деп едім, жоқ, оған криминалдық сараптама жасалады деді. Денесін алдық та, кете бардық», - дейді Нұрлан Ниязов.
Облыстық Полиция Департаментінің хабарынша, бұл іс қазір прокуратураның бақылауында. Бірақ ондағылар да тергеу әрекететтеріне қатысты сауалдарға жауап беруден бас тартты.
«Ниязовтың мәйіті табылуына байланысты ҚК-тің 99-бабымен яғни «адам өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Іс бойынша күдікті тұлға анықталып, қамалды. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Өзге ақпарат тергеу мүддесі үшін жариялауға болмайды», - деді Балқаш аудандық прокуратурасының аға прокуроры, ведомствоаралық жедел тергеу тобының басшысы Қанат Сонабаев.
Прокуратураның мәлімдеуінше, марқұмның басы қазір қаладағы сот-медициналық сараптамалық орталығында. Онда экпертизаның әлі қанша уақыт болатыны белгісіз. Дегенмен қара жамылған отбасы қанды қылмысты Ішкі істер министрлігі өз бақылауына алса дейді.