Жыл басынан бері Павлодар облысының тұрғын үй секторында 307 өрт болды
Жыл басынан бері өңірдегі тұрғын үй секторында 307 өрт тіркелді, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Бұл жайлы Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі Алексей Двинянин Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлім етті.
«Жыл басынан бері Павлодар облысының тұрғын үй секторында 307 өрт болды. Салдарынан 11 адам қаза тапты, оның ішінде 1 бала және 9 адам әртүрлі сипаттағы жарақат алды», - деді Алексей Двинянин.
Оның айтуынша, тұрғын үй секторында өрттің пайда болуына келесі себептер әсер етеді: отты абайсыз пайдалану, электр жабдығын монтаждау мен пайдаланудың бұзылуы, пештерді орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі қағидаларын бұзу, бөтен мүлікті әдейі жағып жіберу, балалардың тентектігі және тұрмыстық электр немесе газ аспаптарын пайдаланудың өрт қауіпсіздігі қағидаларының бұзылуы болып табылады.
Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары павлодарлықтарды өрт қауіпсіздігін сақтауға шақырады.
«Пешпен жылыту кезінде жанып жатқан пешті қараусыз қалдыруға, жағу үшін дайындалған отынды, сондай-ақ басқа да жанғыш заттар мен материалдарды жағу алдындағы жерге орналастыруға, қатты отынмен пештерді жағу үшін тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтарды қолдануға қатаң тыйым салынады», - деп еске салды азаматтық қорғау полковнигі Алексей Двинянин.
Құрамында қызған және бықсыған материалдар бар күл мен қож пеш оттығынан шығарылғаннан кейін арнайы бөлінген орынға шығарылуы және сумен сөндірілуі тиіс.