Сауда үйінде шыққан өртке қатысты қылмыстық іс қозғалды
Әзірге зардап шеккендер мен өрттің себебі туралы ақпарат анықталған жоқ
Елордалық «Тұлпар» сауда үйінде өрт шығу оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы қалалық Полиция департаменті мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Бүгін сағат 7.36-да «102» арнасына «Тұлпар» сауда үйінде өрт шығып жатқаны туралы қоңырау түсті. Нұр-Сұлтан қаласы ПД күшімен жақын маңдағы Тараз және Уәлиханов көшелері, Сейфуллин көшесінен Бөгенбай батыр даңғылына дейін қоршалды. Елорда тұрғындары мен қонақтарын аталған учаскеге барудан бас тартуларыңызды сұраймыз», - делінген хабарламада.
Өрт орнында арнайы техника жұмылдырылды. ТЖД-мен бірлесіп өртті жою қамтамасыз етіледі. Өрттің себебі мен күйіп кеткен аймақ анықталып жатыр.
«Келтірілген залалдың мөлшерін анықтау үшін құрамында әкімдік өкілдері мен сауда үйінің басшылығы бар жедел штаб құрылды. Қазіргі уақытта зардап шеккендер туралы полицияға хабарлама түскен жоқ. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде», - деп қорытындылады ПД.
Еске салайық, таңертең елордалық сауда үйінде өрт шықты. Қызыл жалынды сөндіруге елордалық ТЖД жеке құрамынан 19 техника мен 71 адам жұмылдырылды.