Жоғалған үш адам іздестіріліп жатыр
Жамбыл облысы Байзақ ауданында болған жарылыстан қаза тапқандар саны 13 адамға жетті деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі ҚР ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Құтқарушылар оқиға орнынан тағы бір адамның денесін тапқан. Қазіргі таңда оның кім екені анықталып жатыр. Жалпы, жарылыс кезінде ТЖМ-нің 50-ге жуық қызметкері түрлі дәрежеде дене жарақатын алған.
Еске салайық, 26 тамызда кешкі сағат жетілер шамасында Байзақ ауданындағы оқ-дәрілер базасында жарылыс болды. Төтенше жағдайлар министрлігі алғашында 4 адамның қаза тапқанын хабарлаған. Екі күннен бері бұл цифра өсіп, 13 адамға жетті. Ал, жарақат алғандардың жалпы саны 100 адамға жуықтайды.
Қайтыс болғандар арасында азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері де бар.
Сондай-ақ, үш адамның денесінің жеке бас мағлұматтары анықталуда. Жоғалған үш адам іздестірілуде.
Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.