Байзақтағы жарылыс кезінде жалған аудиохабарлама таратқан жігіт ұсталды

Ол енді 3 жылға дейінгі мерзімге сотталуы мүмкін

Жамбыл облысындағы жарылыстар кезінде әлеуметтік желілер арқылы жалған ақпарат таратқан ер адам ұсталды деп хабарлайды Polisia.kz.

27 тамызда полицейлер әлеуметтік желілерді мониторинг жасау кезінде Instagram желісінен ер адамның дауысы жазылған видеороликке тап болған. Онда Байзақ ауданындағы жарылыс ауқымы тым үлкен екені, оны жақын арада ешкімнің тоқтата алмайтыны, адамдардың қырылып жатқаны туралы айтылған.

«Аталған хабарлама шындыққа жанаспайды. Шұғыл іздеу шараларының нәтижесінде Тараз қаласының 26 жастағы тұрғыны ұсталды. Аталған жайт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы 2-тармағының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды», - делінген полиция таратқан хабарламада.

Егер жігіттің кінәсі дәлелденсе ол 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Күдікті өзіне тағылған айыпты мойындады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.