БҚО-да автокөлік жылқыға соқтығысып, жүргізуші аса ауыр күйде ауруханаға жеткізілді

Автор: Azattyq Rýhy

Ол жансақтау бөлімінде жатыр. Ота жасауға, қалаға тасымалдауға жағдайы келмейді

Фото: ашық дереккөзден

Батыс Қазақстан облысында автокөлік жылқыға соқтығысып, жүргізуші аса ауыр күйде ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 23 желтоқсан күні сағат 00.52 шамасында Чапаев-Жалпақтал жолы бойында болған. Чапаев трассалық медициналық-құтқару бекетінің бригадасы оқиға орнына шұғыл жетіп, «ВАЗ-21012» автокөлігінің жылқыға соқтығысып, 1998 жылғы жүргізушінің ауыр жарақат алғандығын анықтады. Бригада жедел көмек көрсете отырып, жас жігітті аса ауыр жағдайда Ақжайық аудандық орталық ауруханасына жеткізді. Кейін дәрігерлер жүргізушінің бас сүйегі мен миына зақым келген деп тапты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы жүргізушінің жағдайы аса ауыр екендігін растады.

«Өте ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр. Ота жасауға, қалаға тасымалдауға жағдайы келмейді», деді денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынова.

Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталу үстінде.