Оны іздеп табуға екі күн уақыт кетті
Оқиға 16 тамызда «Ленин – Курчатов» автожолының 119 шақырымында, Май ауданы Малайсары ауылдық округінің Ақсарай бөлімшесінен 2 шақырым жерде болған. Белгісіз жүргізуші 21 жастағы ер азаматты қағып, оқиға орнынан қашып кеткен деп хабарлайды Павлодар облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Марқұм Май ауданының тұрғыны болып шықты. Ол осындағы шаруа қожалықтарының бірінде жұмыс істеген.
«Осы ЖКО жасаған және оқиға орнынан жасырынған автокөлікті іздестіру жөніндегі топ дереу құрылды. Оқиға орнынан көліктің фрагменттері мен іздері тәркіленді. Полиция қызметкерлері қабылдаған шаралармен 31 жастағы ауыл тұрғынын ұстады. Автокөлік айып тұрағына қамалды. Жол-көлік оқиғасы және ЖКО орнын қалдыру фактісі бойынша Қазақстан Республикасы ҚК 345-бабының 3 тармағы және 347-баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қажетті зертханалық зерттеулер мен сараптамалар тағайындалды, тергеу шаралары жүргізілуде», - деді Павлодар облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Жол көлік оқиғасы 16 тамызда сағат 02.30-да «Ленин-Курчатов» автожолында болғаны анықталды. Жүргізушісі «Тойота Камри» автокөлігінде болған.