Күдікті ұсталып, тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр
Соңғы апталарда СҚО-да арзанға мал азығын сатумен байланысты интернет-алаяқтық фактілері жиіледі. 4 адамды алдап соққан 21 жастағы күдікті Қостанай облысында ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қашықтан жасалатын интернет-алаяқ фактілері бүкіл ел аумағында екі күннің бірінде тіркеледі. Киім, қымбат әшекейлер, электр құралдары, көліктің қосалқы бөлшектері – ғаламторда отырып әккі әрекетін іске асыратындар адамдарды арбаудың сан алуан әдістерін меңгерген. Соңғы апталарда солтүстікқазақстандық полицияда арзанға мал азығын сатумен байланысты бірден төрт интернет-алаяқтығы тіркелді.
Полицияға Мамлют ауданының тұрғыны жүгініп, OLX сайтында алданып қалғанын айтқан. Оның сөзінше, хабарландыру арқылы 58 мың теңгеге шөпке тапсырыс берген. 1 тең үшін 7 мың теңгеден саудаланыпты. Алайда сатушы ақшаны алысымен, не қоңырауға не хабарламаларға жауап бермей қойған. Осылайша жәбірленуші алданғанын түсінген.
Мамлют ауданының полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Серік Әлжановтың айтуынша, маусымдық сұраныстың артуына байланысты аталған факті бақылауға алынды. Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында интернет алаяқтық жасаған күдікті анықталып, ұсталды. Ол Қостанай облысындағы Рудный қаласының тұрғыны болып шықты. 21 жастағы жігіт Мамюткаға жеткізілді, қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жүргізілуде. Аталған факті ҚР ҚК 190-бабы 2-бөлігі «Алаяқтық» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Оның осы сценарий бойынша Қызылжар ауданының тұрғыны мен Петропавлдың екі тұрғыны зардап шеккен интернет алаяқтық жасауға қатысы бары тексерілуде.
«Алаяқтар сол немесе басқа да маусымдық сұранысқа ие тауарларды желеу етіп, үнемі жаңа механизмдер мен сценарийлерді ойлап табады. Халықтан сақ болуды, пікірлерді, сатушылардың репутациясын зерделеуді, сондай-ақ олардан сататын тауарларының бейнешолуын жіберуін талап етуді сұраймыз», - дейді полиция подполковнигі Серік Әлжанов.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО