Атырауда балаларын қараусыз қалдырған әйел ата-аналық құқығынан шектелуі мүмкін
31 жастағы әйел балаларын досының үйінде қалдырып, ішімдік ішіп кеткен
Атырауда балаларын қараусыз қалдырған әйел ата-аналық құқығынан шектелуі мүмкін, деп хабарлайды Polisia.kz.
«Ішкі істер органдарының есебіне қойылған балалар, оқитын жастар арасында профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Құқықбұзушылық жасауға бейім жасөспірімдерді, заңға қайшы бағыттағы кәмелетке толмағандар тобын, балаларды құқықбұзушылықтар жасауға тартатын ересек адамдарды анықтауға назар аудара отырып, кәмелетке толмағандарға және оларға қатысты жасалатын қылмыс пен заңбұзушылықты анықтау және алдын алу, сондай-ақ құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында 11-17 тамыз күндері аралығында «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде», - дейді құқық қорғау өкілдері.
Іс-шара басталған үш күннің ішінде ювеналды полиция бөлімшесінің қызметкерлері профилактикалық және тізімдік есепке алынған жасөспірімдер, жайсыз отбасыларды тексеріп, нәтижесінде 50-ден астам әкімшілік құқықбұзушылық анықтады.
«Мысалы, 11 тамыз күні Атырау қаласы Полиция басқармасының 102 операторына қала тұрғыны қоңырау шалып, Вокзал 3-ықшамауданында орналасқан көпқабатты үйлердің бірінің балконынан төрт жасөспірім баланың құлайын деп тұрғандығы жөнінде хабарлама берген», - дейді құқық қорғау өкілдері.
Аталған хабарламаға дереу жеткен полиция қызметкерлері тексеріс кезінде Ішкі істер органдарының “жайсыз отбасы” есебінде тұрған 31 жастағы қызылқоғалық әйелдің жасөспірім балаларын Атырау қаласында тұратын досының үйінде қараусыз қалдырып, ішімдік ішіп жүргенін анықтап, оның тәрбиесіндегі төрт жасөспірім балаларын Атырау облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырды.
Қазіргі уақытта 31 жастағы әйелге қатысты іс-құжаттар ата-ана құқығынан шектеу туралы ұсыныспен Атырау қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау комиссиясына жолдау үшін жинақталуда.