Мал 4 күн бұрын жайылымнан жоғалып кеткен
Ақмолалық учаскелік полиция қызметкері жоғалған 100 бас қойды көрші Солтүстік Қазақстан облысынан тапты, деп хабарлайды Aqmola News.
Зеренді ауданының полиция бөліміне 100 бас қойдың жоғалғаны туралы арыз 12 тамызда сағат 15.00-ден кейін келіп түсті. 45 жастағы жергілікті тұрғынның айтуынша, мал 4 күн бұрын жайылымнан жоғалып кеткен, алайда иесі өзі іздеп таба алмаған соң полицияға жүгінген.
«Жоғалған малды іздеу үшін дереу аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінен жедел-іздестіру тобы құрылды, сонымен қатар іздестіру іс-шараларына отар иесінің өзі де қатысты. Қабылданған шаралардың нәтижесінде Зеренді ауданының ПБ ЖПҚ учаскелік инспекторы, аға лейтенант Асқар Өмірзақов жоғалып кеткен отарды 55 шақырым жердегі Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданы Аймақ ауылының маңынан тапты. Қазіргі уақытта барлық 100 бас қой заңды иесіне қайтарылды», - делінген ведомствоның ресми хабарламасында.