$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
14.08.2021, 02:45
Оқиғалар

Атырауда қанды оқиға ауыл халқын жікке бөлді

Оқиға орнын тергеушілер қоршап қойған

Атырау облысында он адамның соққысынан қайтыс болған жігіттің туыстары, қылмыскерлердің барлығы қамалсын деп отыр. Есбол ауылындағы қанды оқиға, ауылдықтардың арасына жік салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Қалбағаевтар отбасы бір аптадан бері қайғыдан бас көтере алар емес. Олар кенже ұлы Азаматты топ бала аяусыз ұрып, ауыл сыртына лақтырып кеткеніне күйінеді.

Қайғыдан қан жұтқан анасы: «үйленеді деп күтіп жүрген ұлының, аяқ астынан жаназасын жасаймын» деп ойламадым» дейді. Жақындарының айтуынша, марқұм сол күні үйде жалғыз болған. Түске таман оны ауылдас жігіттердің бірі алып кеткенін жеткізді.

«Көкем-ау ең болмаса қара су деп отырды дейді. Су дегенде, мазақтап., шашып өздері ішіп, «қазір береміз» деп кетіп қалған. Ақ Жайыққа барып шомылады. 10 адамның ішінде құда-жекжат ағайын бар. Бүкіл ел дүрлікті. Рулы елдер бір-бірімен араз болып жатыр», - деді марқұмның әпкесі Сағима Кенжеғалимова.

Жантүршігерлік оқиға ауыл шетінде болған. Азаматты өзінен бір жас кіші 10 жігіт аяусыз ұрып, өздері тайып тұрған. Жігітті қансырап жатқан жерінен жолай кетіп жара жатқан ауылдасы екі сағаттан соң тауып алыпты.

Оқиға орнын тергеушілер қоршап қойған. Қан іздері әлі жатыр. Туыстарының айтуынша, екі күн бұрын марқұм өзінен бір жас кіші ауылдасымен сөзге келіп қалған. Ол кек алмақ болып, құрдастарын жинап алып келген дейді қара жамылған отбасы. Ұзындығы бір метрлік темірмен қаруланған деп қосты. Қансырап жатқанына қарамастан Жайық өзеніне лақтырып тастапты деді.

«Сау жері жоқ денесінде. Аяқ-қолы бәрі сынған. Басы жарылған. Қабырғалары сынған. Қан-қан. Денесінің бәрі қан. Талабымыз – 10 бала ұйымдасып келді ғой. 10 баланың бәрі жазасын алуы керек. 10 баланың ішінде қазір алтауы бостандықта жүр», - деді марқұмның ағасы Алмас Қалбағаев.

30 жастағы Азамат Қалбағаев ауруханаға барар жолда көз жұмған. Қазір бұған қатысты «Адам өлтіру» бабымен тергеу жүріп жатыр. Полиция сараптама қорытындысына сәйкес бостандықтағы алты сезіктінің әрекетіне баға берілетінін хабарлады.

«Қалған алты азаматтың ісі бойынша істеген әрекеттеріне баға береді де, олардың тарапынан бұлтартпау шарасы қабылданатын болады. Қазіргі кезде ол кісілер ешқайда кетпеу жөнінде қолхатпен жүр. Бірақ ол тұлғаның барлығы сезікті ретінде  танылып отыр», - деді Атырау облыстық ПД тергеу басқармасының бастығы Нұрмұхаммед Мүтәлиев.

Ал марқұмның туыстары бостандықта жүргендер де қамалмай, тыныштық таппайтынын жеткізді.

 
 
Серіктес жаңалықтары