Павлодар облысында жыл басынан бері тұрғын үйлердегі өрттен 11 адам көз жұмды

Автор: Azattyq Rýhy

8 адам түрлі сипаттағы жарақат алған

Фотог: ашық дереккөзден

Павлодар облысында жыл басынан бері тұрғын үйлердегі өрттен 11 адам қаза болды. Бұл туралы онлайн өткен баспасөз жиынында облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Алексей Двинянин мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

«Жыл басынан бері облысымыздағы тұрғын үй секторында 287 өрт болды. Материалдық шығын 19 миллион теңгеден асты. Өрт салдарынан 11 адам қаза тапты. Оның ішінде 1 бала бар. 8 адам түрлі сипаттағы жарақат алды. Улы газбен уланудан адамдардың қаза болу фактілері тіркелген жоқ. Улы газдан 3 адам жарақат алды», - деді Алексей Двинянин.

Алексей Двинянин өрттердің шығу себебін және адамдардың қандай жағдайда көз жұмғанын атап өтті.

«Тұрғын үй секторында өрттердің пайда болуына көбіне отты абайсыз пайдалану, электр жабдықтары мен жылыту құралдарын қолдану ережелерін бұзу себеп болды. Ал, қаза болған 11 адамның ішінде төсекте темекі шеккен 7 жағдай болды. Сондай-ақ 5 адам мас күйде болған. 1 оқиға өрт кезінде дұрыс әрекет етпеу салдарынан болды», - деді Алексей Двинянин.

Департамент өкілдері өрт қауіптілігін және ережелерді ескерту мақсатында тұрақты түрде іс-шаралар өткізіп тұрады. Қазір жылыту маусымының қарсаңында жеке тұрғын үйлерде рейдтер өтуде. Жыл басынан бері тұрғын үйлерде 74 мыңнан астам ескерту шаралары өткен.