ШҚО-да жабылып қалған пәтерлерден 340 адам құтқарылды

Құтқарушылардың көмегіне көбіне жалғызбасты қарттар мен жалғыз қалған балалар мұқтаж болады

 
ШҚО-да жабылып қалған пәтерлерден 340 адам құтқарылды

Құтқарушылар жыл басынан бері кілті жабылып қалған 340-тан аса пәтердің есіктерін ашу үшін көмекке келген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Шығыс Қазақстан облысы ТЖД бөлімшелері осыған ұқсас авариялық-құтқару жұмыстарын күнделікті жүргізіп отырады.

«Біздің тәжірибемізде балалар, қарттар және ұмытшақ пәтер иелері жабылып қалған есіктің ар жағында қалған жағдайлар жеткілікті. Кейбірінің есігі жабылып қалса, ал кейбірі тіпті келеңсіз жағдайларға тап болып жатады. Көбінесе құтқарушылардың көмегіне жалғызбасты қарттар, жалғыз қалған кішкентай балалар мұқтаж болады. ТЖД бөлімшелері адам өміріне қауіп төнген кезде, әр минут санаулы кезде есікті ашуға көмекке келеді. Өмірге қауіп дегеніміз - бұл пәтердің ішінде есікті өз бетінше аша алмайтын адамдардың (кішкентай бала, қарт адам, мүгедек және т.б.) болуы. Сондай-ақ, жарылысқа себепкер болуы мүмкін қосулы қалған электр жабдықтары, газ қондырғылары, жылыту құралдары да бар», - деп атап өтті ШҚО ТЖД «ӨСжАҚЖҚ» ММ бастығының орынбасары Болат Нұрдыбаев.

Абырой болғанда барлық құтқару жұмыстары сәтті аяқталған.

«Қауіпсіздік мақсатында ШҚО ТЖД құтқарушылары мынаны ескертеді: егер сіз пәтерден шыққыңыз келсе, есік жабылмауы үшін барлық шараларды қолдану қажет. Жалғыз тұратын туыстары бар барлық адамдар есіктің ішінен ашуға болатын кез келген ысырмалар мен ілмектерді алып тастаған жөн. Бұл механизмдер сізге пәтерге кіруді қиындатуы мүмкін. Кішкентай балалары бар адамдарға тек кілтпен жабуға болатын құлыптарды орнату ұсынылады. Сондай-ақ, есіктер күтімді қажет ететінін ұмытпаңыз. Ілмектер мен құлыптарды мезгіл-мезгіл тазалап, майлау керек, ал шамалы ақаулық, құлып кептеліп қалған немесе есіктерді ашу-жабу процесінде қиындықтар туындаған жағдайда дереу ақауды түзететін шеберді шақырыңыз», - делінген хабарламада.

Төтенше жағдай кезінде 112 нөміріне хабарласыңыз.

 
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.