Туыстарының тарапынан қысымға ұшыраған қыздың анасы шарасыз күйде қалған
Шымкентте 5 жастағы қызға жақын туысы азғындық жасады деген күдік бар. Бұл туралы «Не Молчи» қоғамдық қоры әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Қордың мәлімдеуінше, сұмдық жағдайды оларға жәбірленуші отбасының танысы жеткізген. Кішкентай қызына жақын ағайыны сексуалдық сипаттағы әрекет жасап жүргенін қыздың анасы біліп қалған. Бірақ төрт баланың анасы шарасыз. Өйткені туыстарының қысымы басым көрінеді. Қазір бұл іспен полиция айналысып жатыр.
«Аталған жайт бойынша Шымкент қаласы Полиция департаментінің Тергеу басқармасы ҚР ҚК 124-бабының 1-бөлігімен қылмыстық іс тіркеп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізуде», - деді Шымкент қаласы Полиция департаментінің өкілдері.
Полиция департаментінің баспасөз қызметі зардап шеккен отбасын анықтағандарын жеткізді. Бұдан өзге ақпарат әзірге құпия деді. Алайда, қоғамдық қор жетекшісі Дина Таңсәрі мұндай сұмдықты жасыруға, жылы жауып қоюға қарсы.
«Заң бойынша жақын туыстары, анасы көпке жарияламауға хақысы бар. Алайда адами тұрғыдан мұндай сұмдықты жасыруға болмайды. Туыстармен өзара ақылдасып, "жабулы қазан күйінде" қалдыра салу дұрыс емес. Оның соңы өте ауыр жағдайға әкеп соғуы мүмкін. Жалпы, мұндай жағдайда туыс таныс дегеннің кеңесіне құлақ асып уақыт жоғалту да дұрыс емес. Көбіне мұндай азғындықты отбасылық құпия деп өз арасында шешеміз ойлайды. Бірақ бұл - өте ауыр қылмыс», - дейді «Не Молчи» қоғамдық қорының жетекшісі Дина Таңсәрі.