Биыл Павлодар облысында 25 адам суға кетіп қайтыс болды
Олардың 17-сі мас күйінде суға түскен
Биыл Павлодар облысында 25 адам суға кетіп қайтыс болды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі өткізген баспасөз конференциясында Азаматтық қорғаныс басқармасы басшысының міндетін атқарушы майор Теміржан Танжанов мәлім етті.
«Жыл басынан бері облыстың су айдындарында 25 адам, оның ішінде алты бала қаза тапты. Жазатайым оқиғалардың басым көпшілігі шомылуға тыйым салынған жерлерде болған. Суға батқандардың барлығы - ер адамдар. 25 адамның 22-сі жабдықталмаған демалыс орындарына батып кетті. 25 адамның 17-сі мас күйінде суға түскен», - деді Теміржан Танжанов.
Оның айтуынша, мамыр айынан бастап қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді ішкені үшін 85 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 904 мың теңгеден астам айыппұл төлеген.
Тыйым салынған жерлерде шомылғаны үшін 171 адам жауапқа тартылды.
Өңірде су қоймаларының жанында барлығы 30 демалыс орны жұмыс істейді. Оның ішінде 20-сы - коммуналдық, 10-ы - жеке меншік.