Павлодар облысында демалыс күндері үш адам суға кетті

Автор: Azattyq Rýhy

Биыл шомылу маусымы басталғаннан бері 22 адам суға кеткен

Полицейлер судағы жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін тұрғындарға су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін сақтау керектігін ескертеді, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

«8 тамыз күні сағат 17.20-да Шаукен ауылының маңындағы сорғы станциясының жанында суға шомылу кезінде Ефремовка ауылының 30 жастағы тұрғыны суға батып кетті.  7 тамыз күні Май ауданында Белая өзеніндегі Баскөл ауылының маңында суға шомылу кезінде Ақсу қаласының 44 жастағы тұрғыны суға кеткен.  Сол күні Шарбақты ауданында шомылу кезінде Шалдай ауылының жанындағы жасанды су қоймасында 42 жастағы ауыл тұрғыны  батып кетті», - деді Павлодар облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ғалым Сарғұлов. 

Статистикаға сүйенсек, жазатайым оқиғалардың 80% жүзуге арналмаған жерлерде орын алады. Су қоймаларында сынған әйнектер, шөгінділер, металл шыбықтар және басқа да қоқыстар қауіпті болуы мүмкін. Сулы-батпақты жерлерде шомылуға болмайды, суға белгісіз жерде секіру (сүңгу) қауіпті. Сондай-ақ, мас күйінде шомылу  қайғылы нәтижеге әкеледі. 

Айта кетерлігі, биыл шомылу маусымы басталғаннан бері 22 адам суға кеткен. Оның төртеуі -  бала.